ҰСТАЗДАР - ҰЛТТЫҢ ЗИЯТКЕРЛІК ҚУАТЫ

Бүгін Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Бұл реттік саны бойынша жетінші Жолдау. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі Жолдауларында Үкімет алдына халықтың әл-ауқатын арттыруға және елді дамытуға бағытталған ауқымды міндеттер қойып келді. Президент пәрмені кезең-кезеңімен орындалды. Ұзақ жылдарға жоспарланған жұмыстар да жүйесін тауып жатыр.

Бүгін де Мемлекет басшысы өз Жолдауында маңыз берген мәселелер аз емес. Соның ішінде экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету жайы орынды көтерілді деп санаймын. Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқаратынын Президентіміз де айтып өтті.

Жолдауда белгілі болғандай, Президент тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу қажет деген Мемлекет басшысы 3 жылда бұл мектептерді толық жаңартуды Үкімет пен жергілікті билікке жүктеді.

Жыл санап жекеменшік мектептердің саны артып келе жатқаны жасырын емес. Бүгінде ел бойынша 250 мыңнан астам бала жекеменшік мектептерде білім алуда. Президент ол білім ошақтарына биылдың өзінде бюджеттен 134 миллиард теңге бөлінгенін айта отырып, ата-аналар мемлекеттің жеке меншік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс екенін жеткізді.

Жолдауда баса мән берілген тағы бір жәйт мектептердің жұмысын жақсарту шаралары. Бұл ретте мұғалімдердің біліктілігін арттыру мен ұстаздардың әлеуметтік мәртебесін көтеру ерекше мәнге ие. Себебі «Білімді ұрпақ тәрбиелеу еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қорыта айтсақ, білім саласында еліміздің потенциалы мықты болуы тиіс. Бұл бағытта жұмыс істеу үшін Президент бүгінгі Жолдауда бірқатар талаптар мен міндеттерді айқындап берді. Ұстаздарға артылар жауапкершілікпен қатар, оларға деген қамқорлықты да сезіндік. Мемлекет басшысының Жолдау аясында «Ұстаздар - ұлттың зияткерлік қуаты», - деген қанатты сөзбен ойын сабақтауы ерекше есте қалды. Бұл ұрпақ тәрбиесінің бағбандарына Президент тарапынан берілген ерекше баға деп санаймын.