Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «2022 жыл – Балалар жылы» деп аталды. Білімді, саналы, қабілетті ұрпақ тәрбиелеу біздің қолымызда. Бүгінгі жас – ертеңгі елдің тізгінін мықтап ұстар, ел болашағы, келешек келбеті. Сол себепті олардың білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты болуы ертеңгі ел тағдыры! Ұлы Абайдың «Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата-ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген қанатты қағидасын ескеретін болсақ, өнерлі де білімді ұрпақты тәрбиелеу жолында ата-ана мен ұстаз еңбегінің қатар жүретіні анық. Мектеп-лицейімізде 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша түрлі сайыстарда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып, сайыс додаларында, жас ғалымдар байқауында оза шауып бәйге алған оқушыларымызға арналған «Болашақтың бастауы - білімді ұрпақ» атты салтанатты кеш өткізілді. Кеш барысында мектеп-лицейіміздің директоры Кабира Ануарқызы өзінің жылы лебізін білдіре отырып, қала, облыс, республика деңгейінде өткізілген олимпиада, ғылыми жоба, әртүрлі сайыстардың жеңімпаздарын және мектеп-лицейіміздің мәртебесін көтеруге атсалысқан белсенді ата-аналарды марапаттады. Мың бұрала билеген, әуелете ән салған өнерпаздарымыз кештің сәнін келтірді. Кеш соңы естелік суреттерге түсумен жалғасты. Ұрпағымыз білімді, келешегіміз кемелді болсын! Әрбір балаға жарқын болашақ, зор денсаулық тілейміз!