Әр мектепте соңғы қоңырау мерекесі – бұл мектеп тарихына енетін көңілді әрі қуанышты оқиға.

Түлектер өздерінің он бір жыл білім алған алтын ұяларымен қоштасса, ұстаздар өздерінің сүйікті шәкірттерін өмірге қанаттандырады.

Кез келген мемлекеттің болашағы білімді жастар. Бүгiнгі жас – болашақ Қазақстанның жанды бейнесі. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға.

Бүгін барлық қазақстандық түлектер үшін мектеппен қоштасуға арналған атаулы мереке.

Бүгін мектеп-лицейімізде бітіруші түлектерге арналған «Түлек 2022 - Жаңа Қазақстанның Ертеңі» атты мектеп бітіруші түлектердің соңғы қоңырау салтанатты жиыны өткізіліп, тағы бір оқу жылын аяқтап, жаңа өмірге, жаңа арманға жас түлектер қанат қақты.

Мектеп бітіруші түлектерге мектеп – лицей директоры Кабира Ануарқызы, соңғы қоңырау салтанатты жиынының қадірменді қонақтары Қала әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас инспекторы Рамберген Қуанар Тағыбергенұлы және қамқоршылық кеңес пен ата-аналар комитетінің төрағасы, ардагер ұстаздар жүрекжарды өз лебіздерін білдірді.

Бітіруші түлектер алтын ұя мектебі мен ардақты ұстаздарына арнап әннен шашу шашты.

Алтын ұя мектебімен, өзін оқытқан аяулы ұстаздарымен, сыныптас достарымен арада қанша жыл өтсе де сағынышпен аңсап жеткен 10жылдық кездесуге келген мектеп түлектері де биылғы бітіруші түлектерге, ұстаздарына ақ тілектерін арнады.

Соңғы қоңырау соғу салтанаты 11 сыныптың «Алтын белгіге» үміткер оқушылары мен 5 сыныптың үздік оқушыларына тапсырылды.

Кеш соңы  ширек ғасыр тарихы бар білім ордасынан болашаққа сеніммен қарайтын, ұстаздар мен оқушылардың қуанышын бөлісіп келген қонақтар мен ата-аналардың жас түлектермен естелік суретке түсуімен жалғасты.

Жас түлектер! Еліміздің болашағы – Сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан да қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызға ізгі тілегімізді арнаймыз!